Блог

16 желтоқсанда ҚХР-ның Шаңша қаласында Димаштың жеке «D-Dynasty» концерті болып өтті

Он мың адамдық зал лық толып, көрермендер көтеріңкі көңіл күймен концертке үлкен серпін берді. Бұл кеште қазақ, ханзу, франсуз, ағылшын тілдеріндегі əндер шырқалды. Димаштың орындауындағы шығармаларды Қытай, Канада, Америка, Ресей, Украиналық музыканттардан құралған оркестр сүйемелдеп, бишілер билерімен өрнектеді. Кеш шымылдығы Қанат Айтбаевтың сөзіне жазылған Димаштың өзінің "Сəлем" əнімен ашылып, Ұлықпан Жолдасовтың Асқар Дүйсенбінің сөзіне жазылған "Жұлдызым" əнімен жалғасты. Кеште сонымен қатар Айгүл Бажанованың "Махаббат бер маған" əнінің ханзу тіліндегі нұсқасы, Орал Байсеңгірдің сөзіне жазылған Димаштың " Ұмытылмас күн" əндері орындалып - тыңдармандар бірге қосылып шырқады.

Бейжің қаласынан келген шығармашылық топ замануи сахналық безендірудің, режиссерлік оңтайлы шешімдердің шеберлігін көрсете білді.

Қытай еліндегі қазақ фольклорлық триосы қытай халықтық триосымен бірлесе шығарма орындап концертке көрік берді - достық əуендерін төгілтті. Димаш өзін рояльмен сүйемелдей отырып Естайдың "Хорланын" орындады. Интернационалдық оркестрмен бірге Нұрғисаның "Əлқиссасын", Құрманғазының "Адайын" домбырамен тартты. Димаштың жақында жазылған "Əлемде соғыс болмасын" атты төл туындысы қытай тілінде орындалып халықты тебірентті. Кеш бойы көрермендердің қошеметі, ықыласы ерекше болды. Концертте кроссовер, этно, классика, поп бағытындағы жалпы саны отыз бір шығарма орындалып, кеш шымылдығы Саят Əбеновтың сөзіне жазылған Димаштың өзінің " Тəтті елес" əніменен жабылды. Қазақ баласының шет елдегі ауқымды концерті осылайша өз мəресіне жетті.

"ДимашАли" шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев.
Барлық фан топтарға РАХМЕТ!!!